Атың барда жер таны желіп жүріп... Бабаларымыз осындай сөз қалдырғанымен, қазақтың ұланғайыр даласын ат түгілі, көлікпен аралап шығу әлі мүмкін емес. Осының салдарынан отандық туризм әлі өркендемейді, дейді мамандар. Бұл саланың қазіргі жай-күйі туралы тілшіміздің материалында.Оралдық журналист Нұрлыбек Рахман екі жыл бұрын бала-шағасын алып, Қазақстанның көрікті жерлерін көлігімен аралап шықты. Бұл саяхат балаларына қатты ұнаған: далада тамақ дайындап, шатырда түнегенін, әдемі жерлерді жаяу аралағанын әлі тамсана айтады дейді. Енді ол Маңғыстау арқылы өзбек еліне аттануды жоспарлап отыр. Бірақ ішкі туризмнің шығыны шаш-етектен. Нұрлыбек РАХМАН, САЯХАТШЫ: Бізде әлі жолдар нашар, қонақүйлердің қымбаттығы, сосын мына туристік аймақтардың сервистің бәрі қымбат. Мысалы, Бурабай аймағы өте қымбат. Көлікпен Қазақстанды айналып шығу, мысалы, Дубайға барып келгеннен қымбаттау. Мамандардың айтуынша, елімізде шетелдік курортқа бергісіз әдемі жер көп. Бірақ жету оңай емес, сервисі сын көтермейді, бағасы да қымбат. Мысалы, Батыс Қазақстанның інжу-маржаны - Шалқар көліне шомыламын деп дертті болуыңыз мүмкін. Өйткені демалушыларға лайықты жағдай жасалмаған. Ал түскен табыс көлденең көк аттының қалтасында кетеді. Айболат ҚҰРЫМБАЕВ, "БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫ" ЗТБ ДИРЕКТОРЫ: - Киіз үйі талапқа сай емес. Бір күнде біз санадық – 2000-2500 кісі келеді. Ал енді сол жердің мына қызмет сапасын көтеру керек. - Қанша ақша түседі? - Жазып есептегем шамамен 100 миллионның айналасы. Туроператорлардың айтуынша, жағдайы бар жандар шетелге шықса, шамасы жетпегендер жергілікті шипажайларды сағалайды. Осылайша отандастарымыз жыл он екі ай бойы өзге елді байытып жатыр. Гүлмира КАЖИАКБАРОВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ БАСШЫСЫ: Қазір Түркияға раннее бронирование басталды. Түркияға көп спрос, сосын Дубай, Тайланд, Мальдивы, мына Грузияға өте жақсы броньдар болады. Өйткені ол жақта қолайлы, все включено питание жағынан. Более комфортно. Қазақстаннан көбіне бізде жақсы бронировать етеді санаторийлерге. Елімізде суы шипалы өзен-көлдер, табиғаты тұмса орман-тау, тіпті пирамидалар да бар. Егер туризмді дұрыстап дамытса, табысы мұнай мен газдан кем емес,-дейді мамандар. Ақша елде қалады. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Бұл көгілжім суы көз арбайтын Дубай әлде Мальдив аралдары емес, Оралдың іргесіндегі Бор тауы. Қазір бұл жер тұрғындардың сүйікті орны. Өйткені, әлеуметтік желіге әр беретін небір әдемі кадрлерді шетелге бармай-ақ осы жерден түсіруге болады.