Тирандар айылын тияр емес. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық 3 есе өскен. Таяқтың дәмін тататындардың көбеюі бұл тақырыпқа қайта оралуымызға түрткі болды. Негізі бізде қазір заң бар. Қолыңды көтерсең, кісен салынады. Мәселен биыл жанұясына қысым көрсеткен 200 «агрессор» анықталды. 6 мың азамат қамауға алынды. Бірақ мұның өзі қылмыстың азаюына сеп болмай тұр. Енді не істеу керек? Аружан Задабек мамандармен тілдесті. Түрін көрсетуден бас тартқан бұл келіншектің есімі – Айсұлу. Жасы небәрі – 20-да. Ата-анасынан ерте айырылған бойжеткен 19 жасында албырттықпен от басып, жігітінен бала көтереді. Істегенді мойынмен көтеруді жөн көрген қос ғашық отбасын құрады. Бірақ арадағы түсініспеушілік үлкен дауға ұласқан. Жанұяда жанжал мен ұрыс-керіс көбейіп, күйеуі бірнеше рет қол көтерген. Айсұлу, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Іштен тебеді. Өйткені баланың туылғанын қаламады. + Атама түнде звондап айттым. Мынау мені күнде ұрады деп. Негізі көп ішетін адам. Ішіп келіп ұрады дедім. Атам да шыдамай кетті. Келесі күні келіп алып кетті, заттарымды жинап қойғанмын. Қазақ қоғамы үшін отбасындағы дау – жабық тақырып. Әркім өз қазанын өзі тазалауы тиіс деген белгіленбеген заң бар. Осыдан кейін бе, көбі таяқтың астында қалса да тіс жармайды. Балаға обал дейді, ұят дейді, қысқасы, ақтауға себеп табылады. Бақытты әйелдің рөліне кіріп, көз жасын көрсетпейді. Бірақ ерлердің позициясы басқа. Олар келіншегіне әлі жеткенін мақтан көреді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Отбасылық өмірде бір рет болсын қол көтерген кезіңіз болды ма? – Ой, арасында болып тұрады. Бас салып ұра бермейді ғой. Су әкеле салсай дегеннен басталады. - Жас кезімде болды. Қазір біраз жасқа келіп қалдым. Енді-енді түсініп жатырмын да. Мамасының үйі жақын болды да. Кетіп қала береді. Мен келгенде үйде болмайды да. - Сосын ұрдыңыз ба? – Шамалап енді, қатты ұрмаймын ғой. - Бір-екі рет болды ғой. Жас кезде, 30-дар шамасында. Енді ол әйел адама бір затты алғысы келеді. Ер адам оны алма, басқа ал дейді. Содан тыңдамай алып қояды. – Сол кезде ұра ма еркек? – Шапалақ береді. Жыл сайын полицияға 100 мыңнан аса хабарлама түседі. Зәбір көрушілердің 78%-і әйел, 10% -і бала. Жанжал көбейгеннен кейін, ажырасу дерегі артады. Былтыр 17 мың шаңырақ шайқалған. Руслан КАРЖАСПЕКОВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен 6 мың құқық бұзушы соттың шешімімен қамауға алынды. 13 мың отбасы сот барысында татуласты. Полиция жұмысының сервистік моделіне көшу аясында қауіпті отбасында күш көрсетушілерді анықтау және оларды әлеуметтендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға жеке түрде психологиялық тренингтерден өз еркімен өту ұсынылады. Полицейлер зорлық-зомбылықтың алдын-алудың бір жолы – психологпен жұмыс істеу, - дейді. Оған дәлел, биыл 200 тиранның бары анықталса, оның 70 проценті психолог көмегіне жүгінген. Нәтижесінде олардың жанұясындағы жанжал азайыпты. Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ: Агрессор кезінде отбасында ата-анасынан тек зәбір көрген немесе кемсітуді көрген болса, сыныптастарынан, құрдастарынан зәбір көретін болса болашақта өзінің күшін дәлелдеу мақсатында әлсіз адамдарға өз күшін жұмсауы әбден мүмкін. Қазақ әйелі ерінің абыройын, отбасы құндылығын бірінші орынға қояды. "Жауырды жаба тоқып", жасыруға бейім келеді.Оны дұрыс емес деуден аулақпыз. Тек осындай «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деудің салдарынан іс ушығуы мүмкін, - дейді мамандар.