«Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасы аясында 4 мыңнан астам отбасылық жанжал тіркелді. Бұл – тек бір аптаның қорытындысы. Оның мың жарымы полиция үйлерді аралағанда белгілі болды. Агрессорлардың 95 проценті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, құқық бұзушыларға өз еркімен психокоррекциялық курстан өту ұсынылған. Өмірлік қиын жағдайдағы 675 отбасы анықталды. Өз міндеттерін орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылды. Ал 200 баланың ата-анасын құқығынан айыру үшін материалдар арнайы комиссияға жіберілді. Ақмарал СЕРІКБАЕВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Петропавлда жас ана емханаға шақырылған уақытта баласын алып келмей жүргені туралы педиатрдан хабарлама келіп түсті. Тексеру кезінде жас ананың ішімдік ішкені, нәрестенің шұғыл көмекке мұқтаж екені белгілі болды. Полиция баланы нәрестелер үйіне орналастырып, ал анасын нарколог дәрігердің есебіне қойды және әкімшілік жауапкершілікке тартты.