Өзбекстандағы ірі кен орнында апат болып, 3 адам көз жұмды. Тағы 29 жұмысшы зардап шеккен. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады,-дейді Қазақстан Телеарнасы. Оқыс жағдай таңғы сағат 08:00 шамасында тіркелді. Алмалықтағы тау-кен металлургия комбинатының мыс өңдеу зауытында темір конструкциялар қираған. Алдын ала болжамға сай зауыттың шатыры қалың қарды көтере алмай опырылып түскен. Сол сәтте нысанның ішінде ондаған жұмысшы болған. Ресми органдардың хабарлауынша, қаза тапқандар- шетел азаматтары.«Апат салдарынан Үндістан елінен келген үш жұмысшы қаза тапты. 29 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Тағы 4 азаматқа тиісті медициналық көмек көрсетілді. Оқыс оқиғаның себебін анықтап, салдарын жою үшін жедел жұмыс тобы құрылды. Зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары қарастырылып жатыр»,-деп хабарлайды Өзбекстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі.