Қоқыс шығаратын компанияның алдында берешегі бар өзбекстандықтарға енді электр энергиясы үшін төлем жасауға және жылжымайтын мүлік пен көлікке қатысты келісімдерді рәсімдеуге шектеу қойылмақ. Мұндай талап 2024 жылғы 4 қаңтардағы «Қалдықтармен жұмыс істеуді жетілдіру және олардың экологиялық жағдайға теріс әсерін азайту шаралары туралы» Президент жарлығымен бекітілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.Құжатқа сәйкес, аталған ереже кезең-кезеңімен күшіне енеді. Яғни, жаңа тәртіп 2024 жылдың 1 маусымынан бастап Ташкент қаласында және облыс орталықтарында қолданылады. Онда қоқыс шығаратын компанияның алдында 6 айлық берешегі бар азаматтарға жоғарыда аталған шектеулер қойылады. Ал 1 қарашадан бастап республиканың бүкіл аумағында қалдықтарды кәдеге жарату қызметтері үшін 3 ай қарыз болған тұрғындарға электр энергиясына төлем жасауға шектеу енгізіледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан Өзбекстанның барлық аумағында қоқыс шығарғаны үшін берешек мерзімі 1 айдан асқандар жарықсыз қалуы мүмкін. «Қарапайым тілмен айтқанда, қоқысты шығарғаны үшін төлемейтін адам қараңғыда отырады», - деп түсіндірді Өзбекстан Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Хасан Тошхужаев. Сондай-ақ жарлықта жазылғандай, 1 сәуірден бастап қоқысты шығару ақысын төлемеген өзбекстандықтар жылжымайтын мүлік пен автокөлікке қатысты мәмілелерді нотариалды рәсімдей алмайды. Атап айтқанда, нотариустар бірыңғай электрондық жүйе арқылы онлайн режимде азаматтың қарызы бар немесе жоқ екенін тексереді.