Енді Қазақстаннан Францияға заңсыз шығарылған капиталдар қайтарылады. Бұл туралы бүгін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты. Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы заң қабылданды. Бұл құжат Қазақстаннан заңсыз әкетілген мүлікті қайтаруға мүмкіндік береді.Қазақстаннан шетелге заңсыз кеткен капиталдың сомасы 150 миллиард доллардан асады. Енді бұл қаражаттарды елге қайтаруға болады. Мәжілісте қабылданған құжатта банк шоттарын алу, тінту мен мүлікті тәркілеу қадамдары ескерілген. Капиталды қайтару мәселесі екі жақтан сұрау салу арқылы жүргізілмек. Әсет ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қылмыстық жолмен тапқан ақша Францияға шығарылғанын көрсек, бұл елге сұрау жолданады. Олардың тергеу органдары банк шоттарын анықтап, бізге ақпарат береді. Сондай-ақ біздің сұрау бойынша бұл қаражатқа шектеу қояды. Екі ел арасындағы бұл шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру жолдарын да реттейді. Яғни қылмыстық іс бойынша күдікті, куәгер немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатса, еліміздің құқық қорғау органдары енді өздігінен сол мемлекетке барып, тергеу әрекетін жүргізе алады. Айгүл НҰРКИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Тараптар қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген рәсімдерде бір-біріне барынша кең түрде өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді. Олардың жолын кесу сұрау салушы тараптың сот органдары мен қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын органдарының юрисдикциясына жатады. Өзбекстан мен Қазақстан арасында да келісім шарт жасалды. Енді бас бостандығынан айырылған екі ел азаматтары өз елдеріне қайтарылады. Қазір бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы өтініш білдіріп отыр. Ал Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар. А. Базарбайhttps://youtu.be/KfMv10WXVjU