Белгілі әнші Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан “Өмірді өзі” бағдарламасында әкесімен қарым-қатынасы жайлы айтып, өкініші барын да жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.“Менің әкем елдің көз алдында жүрген азамат. Бір рет Мейрамбек Бесбаев ағамыз "Асылжан, әкең өзгермейтін адам" деп айтып еді. Мен сұхбат алған кісілердің көбі әкесінің қолы ашық, ақкөңіл екенін айтады. Мен де тура солай айтатын едім. Менің әкем қолы ашық, ақкөңіл, адамнан көмегін аямайтын кісі. Менің көзқарасыммен солай. Ал сырт көздің пікірі мен үшін маңызды емес. Қолы ашық, әзілқой, кей жерде аңқаулау, ер адамға тән қатты мінезі бар азамат”, – дейді Асылжан.Жас режиссер әкесімен ара қатынасы мінсіз емес екенін, тіпті кейде сөзге келіп қалатын кездер болатынын жасырмай айтты. “Жасөспірім кезімде әкемнің тарапынан ақыл-кеңес жетіспеді. Бірақ мен оны өзінен барып сұрасам, әкем маған айтар еді. Менде балалық, тәпкаппарлық болды, оған бара алмадым. Ол да сұрамад, себебі күйбең тіршілікпен жүрді. Кейін университетке түстім, екі жыл шетелде тұрдым. Сол кезде маған “Неге әкеммен сырласа алмаймын? Ол кісі тірі ғой. Менде әлі де мүмкіндік бар” деген ой келді. Сөйтіп оқуымды бітіріп, Алматыға келдім. Содан екеуіміз жақын араласа бастадық. Ол кісінің өмірінде жұмысына , жеке өміріне қатысты қиын жағдайлар болды. Сол кездері сырластық. Қазір екеуіміздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Арамызда түсініспеушіліктер болады. Себебі ол да, мен де адаммын. Екеуіміздің жынды мінезіміз бар, кейде сол мінезіміз шайқасып қалады. Бірақ екеуіміз бір-екі ауыз сөз үшін араласпай кеткен жоқпыз ", – дейді Айгүл Иманбаеваның ұлы.