Пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан әлем кубогының соңғы кезеңінің қорытындысы жарияланды. Сайыс нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 3944 ұпай жинап, топ-5-ке кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.Жеке есепте Ербол Хамитов пара биатлонда 790 ұпаймен екінші, ал шаңғы жарысында 752 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Былтыр Бейжіңде өткен қысқы паралимпиаданың жүлдегері Александр Герлиц те маусымды «үздік бестіктің» қатарында аяқтады. Оның еншісінде 630 ұпай бар. Қазақстан командасы барлығы 13 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 5 күміс және 6 қола. «Біз үшін паралимпиадалық спорттың маңызы олимпиадалық спорт түрлерінен кем емес. Сондықтан біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарға спортта өздерін тауып, нәтижеге жетуі үшін мүмкіндігінше барлық жағдайды жасаймыз. Қазақстан құрамасын осы нәтижемен құттықтаймын және спортшыларымызға болашақта да спорттың биік шыңдарын бағындыруды тілеймін», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сарсен Құранбек.