Терезесін целлофанмен жапқан мектеп. Бұл Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы білім ордасының бүгінгі жағдайы. Мектептің есік, терезесі әбден тозған. Салынғанына 60 жыл болса да бірде-бір жөндеу көрмепті. Шалғайдағы ауыл мектебінің жағдайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.Воскресенка орта мектебі өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмепті. Білім ошағының әбден тозығы жеткен. Қабырғасы қопсып, едені қақырып тұр. Ал төбесінен су ағады. Динара ЖАРМУЛДИНОВА, ВОСКРЕСЕНКА ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Әрине, мектеп ескі. Терезелерінен жел үрлейді қыста. Тозып кеткен мектеп. Терезесін целлофанмен қымтап тастаған. Өйткені, азынаған желден қорғанар басқа амал қалмапты. Мектепте 70-ке тарта оқушы білім алып жатыр. Айару ЖӘРДЕМБЕКҚЫЗЫ, ОҚУШЫ: Қыста суық болғандықтан, келгім келмейді. Әйнектен жел келеді. Әйнектер шала жабылған. Ана кабинеттер шала жабылған. Төбеден су ағады. Әйнектен суық кіреді сосын. Мектептің жағдайынан аудан әкімі де хабардар. Алайда, қолдан келер қайран жоқ - деп отыр. Өйткені, биыл да бұл мектептің жөндеуіне қаржы бөлінбепті. Азамат МАҢҒҰТОВ, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан бойынша 17 мектептің ішінде жалғыз Воскрескенка ауылы мектебі ғана қалды. Ол жақсы көрсеткіш. Өте жақсы көрсеткіш аудан бойынша. Міне, проектісі бәрі дайын. Мәлімдесе жасадық. Заяка бердік. Облыс басшылығы ол жағдайды біледі. Воскресенка ауылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Сондықтан да ауыл мектебі тасада қалып қойған сияқты. Ата-аналар бұл мектепке комиссия келмейтінін айтады.