Олардың тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде екі дамбаны жөндеу бойынша 2,2 миллиард теңгеге заңсыз сатып алу жарияланған. Мемлекеттік сатып алу басқармасы Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында бір миллиард теңге сомасына гидромелиоративтік жүйені қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуге хабарландыру жариялаған. Осыған ұқсас осы ауданның Қаныш Сәтбаев ауылында гидромелиоративтік жүйені қайта жаңартуға 1,2 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінген. Екі жағдайда да жобалау-сметалық құжаттамада дамбаны қайта жаңарту көзделген. – Осы жұмысты жүргізуге қойылатын біліктілік талаптарында мемлекеттік лицензиясыз, яғни тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ шаруашылық жүргізуші субъектілер жіберілген, алайда мұндайға жол берілмейді. Қадағалау актісі бойынша жарияланған конкурстың қорытындысы шығарылғанға дейін күші жойылды, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды, – деп жазылған хабарламада. Облыс прокуратурасы жыл басынан 4,4 миллиард теңгеге 25 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Қазіргі уақытта прокуратура 2024 жылға арналған бюджеттік жоспарлау сатысында шаралар қабылдауда. Мысалы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бюджеттік өтінімінде Аққулы ауданындағы Төсағаш және Майқарағай ауылдарында 25 миллион теңге сомасына балалар алаңдарын жайластыру жоспарланған. Осы өтінімдерді зерделеу екі ауылдық округте бірдей ойын кешендеріне 50%-ға жуық қымбат баға ұсыныстарын қолданғанын көрсетті. Аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.