Павлодар облысының екі елді мекенінде қатты жел салдарынан ғимараттардың шатыры жұлынып, екі ауданның бірқатар ауылында электр қуаты үзілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Секундына 27 метрге жететін екпінді жел салдарынан («Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша) екі елді мекенде шатырлар жұлынды», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. Қатты жел салдарынан 8 наурыз күні сағат 04:15-те Баянауыл ауданы, Жаңатілек ауылында Б.Хайдаров атындағы орта мектептің үш қабатты ғимаратының шатырынан ауданы 51 шаршы метр пішінді қаңылтыр жұлынды. Зардап шеккендер жоқ. Екінші оқиға бүгін, сағат 06:30-да Павлодар қаласында, Катаев көшесі, 18-мекенжайында болған. Екпіні секундына 20 метрге жететін қатты жел салдарынан 4 қабатты кеңсенің шатырындағы қаңылтыр жұлынып кеткен. Оның ауданы 1440 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 1980 жылы салынған, оның соңғы жөндеу жұмыстары 2022 жылы жүргізіліп, әлі аяқталмаған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. «Екі ауданда төтенше жағдайда электр қуаты үзілді. Атап өткенде, Май ауданында бес елді мекен: Баскөл, Кеңтүбек, Майтүбек, Ақжар және ішінара Көктөбе ауылы жарықсыз қалды. Абоненттер саны нақтылануда. Апат салдарымен күреске «Мамыр» өңірлік электр желісінің 12 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылған. Ал Аққулы ауданында 16 елді мекенде: Бесқарағай, Жамбыл, Жаңатан, Әйтей, Шарбақты, Төсағаш, Жабағылы, Қазы, Малыбай, Қазантай, Майқарағай Мерғалым, Шақа, Шоқтал, ішінара Аққулы, Ямышево ауылдары жарықсыз қалды. Апат салдарымен күреске аудандық электр желісінің 10 қызметкері мен 2 техника жұмылдырылды», - деп қосып өтті облыстық ТЖ департаментінен.