Павлодар облысында өрт кезінде 11 жастағы бала көз жұмды.Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамырда сағат 02:03-те 101 пультіне Успен ауданы Новопокровка ауылдық аймағының әкімінен Галицкое ауылында Интернациональная көшесі, 18 мекенжайы бойында бес бөлмелі кірпіштен салынған жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер келгенде жартылай қираған шатырдың ағаш құрылымдары, тұрмыстық заттар, жиһаздар жанып жатқан. Өрттің жалпы ауданы 250 шаршы метрді құрады. Өз бетімен төрт адам эвакуацияланған. «Өрт салдарынан зардап шеккен 1986 жылғы үй иесі Павлодар қаласындағы №1 ауруханаға жатқызылды. Ер адамның денесін екінші-үшінші дәрежелі 30 пайыз күйік шалған, жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Тілсіз жау сағат 03.52-де оқшауланып, сағат 04.40-та сөндірілді. Сағат 05.05-те дәліздегі үй құрылыстарын бөлшектеу және өртті жою кезінде 2012 жылғы ер баланың денесі табылды», – деді департаментте.