Павлодарда бес қабатты үш бірдей үй құлауы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар жандарын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Ал әкімдік шұғыл комиссия құрып, бұл баспаналардың адам өміріне қауіптілігін тексеріп жатыр. Тіпті, техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялануы да мүмкін. Бұл үйлер өткен ғасырда бой көтерген. Іргетасы мықты болғанмен, қабырғасы қақырап тұр. Сапасыз салынғанын қасбетіндегі қырық жамаудан көруге болады. Тұрғындардан ұйқы қашқан. Ерсан НЫҒМАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Даладан шыбын, жел бәрі кіріп отыр. Жарық өшірсек мына тесік далаға шығады. Анау балка бытшыт болып отыр. Менің кішкентай балам бар. Біз қорқамыз. Қыста не болады. Марина Ватуля қазір пәтерінде жалғыз өзі тұрып жатыр. 3 баласын туыстарына жіберген. Айтуынша, үйі өте қорқынышты жағдайда. Кіреберістегі дәліздің төбесі құлағалы тұр. Марина ВАТУЛЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз тұрғын үй инспекциясына ресми хат жазған едік. Олардан, сіздер жекеменшік иесісіздер, сондықтан біз араласпаймыз. Өз күштеріңізбен жөндеп алыңыздар деген жауап алдық. Соңғы жаңбырлардан кейін үйіміздің қабырғалары қисайып, пәтерлердің төбесінде тесік пайда болды.өте қорқынышты. Апатты үйден әкімдік хабардар. Қала әкімі өзі арнайы барып, жағдайды өз көзімен көрді. Хасар ҚАБЫЛБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: Жағдай өте күрделі. Сондықтан жедел түрде техникалық сараптама жасауды тапсырамын. Үйдің төбесін ашып, қабырғалардың неліктен қисайып бара жатқандығын анықтау керек. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз. Әкімдік үй құлап кетпес үшін баспананың төрт бұрышын қысып ұстап тұратын құрсау жасаған. Алайда, құрылысшылар бұдан нәтиже жоғын айтып, жұмысты тоқтатыпты. Ал тұрғындар төтенше жағдай жасап, бізді көшірсін деген талап қойып отыр. 3 үйде 20-дан астам отбасы тұрады.
Жаңалықтар

































