Павлодар облысында мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін 70-тен астам қызметкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденованың мәліметінше, 2023 жылы филиалға түрлі мәселелер бойынша 242 азамат жүгінген. Біз әрбір өтінішті мұқият талдап, оны логикалық қорытындысына жеткіземіз. Өйткені, адамдар шағымдану үшін емес, заңды құқықтары бұзылған кезде келеді. Облыс бойынша 30-ға жуық қабылдау өткізілді. 17 басшы жалпы сомасы 4 260 000 теңге айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдардың 71 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Нұргүл Қайырденова. «Әділдік жолы» жобасының мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне төзбеушілік ортасын қалыптастыру және де осы процесске ел азаматтарын жаппай тарту. Республика бойынша «Әділдік жолы» бірлестігі жұмысының арқасында 1206 тұлға түрлі заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі, 800 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылып, 76 қылмыстық іс қозғалған. Айта кету керек, «Әділдік жолы» бірлестігі 2020 жылдың қарашасында құрылған. Осы уақыт аралығында мемлекеттік сатып алу мониторингі аясында 15,1 миллиард теңгеге бағаны көтеру және заңнаманы бұзу бойынша 1000-ға жуық факті анықталған. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшысы мен басқа да тұлғаларға жалпы сомасы 264 миллион теңге айыппұл салынды. Заңды тұлғаларды қосқанда 626 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, шешім шығарылды. Құқықтық кеңес беру және сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында 900-ден астам ауылға сапарлар ұйымдастырылды.