Павлодарда студентті ұрған оқытушы жұмыстан қуылды. Оқиға Монтаждау колледжінде болған. Оның білім алушыны ұрып жатқан сәтін студенттердің бірі бейнежазбаға түсіріп алыпты. Кейін белгілі болғандай 55 жастағы оқытушы тоқ күші туралы тақырыпты түсіндірген кезде студентті көрнекі құрал ретінде пайдаланған. Алайда, оның бұл әрекеті қоғамның ашуын тудырды. Педагогтардың әдеп жөніндегі кеңесі мұғалімді қызметіне лайық емес деп танып, жұмысынан босатты. Аталған дерекке қатысты полиция іс қозғады. ЖАННА БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Оқытушыға қатысты ұрып-соғу үшін әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді. Сонымен қатар, колледж басшысына қатысты материал білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді полицияға жеткізбегені үшін жіберілді.