Петропавлда Есіл өзенінің тасуынан су басқан саяжай учаскелерінің саны 700-ге жуықтады. Өзен суының деңгейі әлі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz.Петропавлда Есіл өзенінің тасуынан өткен тәулікте 30 саяжай учаскесі су астында қалған еді. Бүгін олардың қатарына тағы 642-сі қосылды. Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, су басқан саяжай учаскелерінің 148-і Заречный кентіндегі "Труд", "Сатурн", "Строитель" және "Ренет" саяжай қауымдастықтарында орналасқан. Тағы 302 учаске Речпорт аумағындағы үш саяжай қауымдастығына тиесілі. Ал Хромзауыт ауданындағы "Элегия" саяжай қауымдастығында - 19, "131 км" деп аталатын ауданда – 24, Мичурино елді мекеніндегі "Первенецте" 67 учаске су астында қалды. Сондай-ақ, балық тәлімбағы ауданында – 33, "Учитель 1,2,3" саяжай қоғамдастықтарында – 98, "Буревестникте" - 51, "Изумрудта" - 21 саяжай учаскесі суда тұр. Мамандардың айтуынша, Есіл өзенінің тасуынан тұрғын үйлерге су кірген жоқ, яғни зардап шеккендер тіркелмеді. Ал "Челябі-Новосібір" халықаралық маңызы бар автожолы әлі жабық. Мұнда трасса үстінен өткен судың тереңдігі 55 см, ұзындығы 250 метрге жетті.