Петропавлда футбол ойнап жаттығып жүрген бозбала қаза тапты. Кенеттен жүрегі тоқтаған 18 жастағы жігітті дәрігерлер құтқара алмады, - деп хабарлайды Астана телеарнасы Kazinform-ға сілтеме жасап. Оқиға кеше кешқұрым болған. WhatsApp-та тараған видеода жігіттің допты қуалап жүргенін көруге болады. Бір сәтте бозбала құлап түсті. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі жүрегі тоқтап қалған жігітке реанимациялық көмек көрсеткен. Алайда, бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тілге келместен қайтыс болды. Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпарат беруден бас тартты. Баспасөз қызметінің мәліметінше, сот-медициналық сараптама жүргізіледі, тергеу болады. Оған дейін жариялауға болмайды. СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтыс болған Рауан Мұхтаров 16 қазан күні сағат 18.00-ден бастап «Қарасай» стадионының қосымша футбол алаңында жаттыққан. Бозбала 2005 жылы туған, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 2 курста жақсы оқыған. 11 жасынан бокспен айналысқан, жасөспірімдер арасында бокстан облыс чемпионы, кадеттер бойынша халықаралық турнирдің жеңімпазы. Биыл шілде айынан бастап футболға ауысып, «Қызыл-жар» футбол орталығында жаттыға бастаған. Денсаулығына ешқашан шағымданбаған.