Петропавлда екі сәби мен келіншектің өліміне отағасы кінәлі болуы мүмкін. Қылмыстық іс қозғалып, 25 жастағы күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform.Естеріңізге салайық, оқиға қыркүйек айының соңында болған еді. Петропавлдағы Волочаевская көшесінде жеке тұрғын үй өртеніп, өрт сөндіру барысында өрт орнынан 3 адамның – 20 жастағы келіншектің, 5 және 1 жастағы екі баланың денесі табылған еді. Үй иесі – 25 жастағы жігіт терезені бұзып шыққанымен, отбасы мүшелерін құтқара алмаған. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Енді қылмыстық іс «Екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша қаралып жатыр. «СҚО Полиция департаменті тергеу басқармасы осы факті бойынша қылмыс құрам болғандықтан қосымша қылмыстық іс тіркеді. Барлық тиісті соттық сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Қылмыстық іс облыс прокуратурасы және полиция департаменті басшылығының бақылауында», - делінген баспасөз хабарламасында. Күдікті ер адам қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр.