Петропавлда жедел ақпаратты тексеру кезінде қару-жарақ жасырылған орын анықталды.СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері Петропавлда ұлттық қауіпсіздік және қылмыстық атқару жүйесі комитеттерінің департаменттерімен бірлесіп қару-жарақ жасырылған орынды тапты. Қару-жарақ оралған қара кенеп қапшық скотчпен оралып, Петропавлдағы Жұмысшы кентінің шетінде жасырылған. Ораманың ішінде аңшы шолақ мылтығы, болжам бойынша Байкал маркалы тапанша, белгісіз маркалы револьвер, РГД-5 гранатасының муляжі болған. Бұдан бөлек, тегіс ұңғылы және иір ойықты қарудың оқ-дәрілері: 7,62 мм 30 патрон, 16-шы калибрлі 53 патрон, 12-ші калибрлі 2 патрон, 5,6 мм 6 патрон, 9 мм 145 патрон алынды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. «Қару мен оқ-дәрілер тәркіленіп алынды. Олар сот-баллистикалық сараптамасына жіберіліп, атуға жарымдылығы және жасалған қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді заңсыз пайдаланған адамды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді тәртіп сақшылары. ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстың осы түріне 5 мың АЕК дейін айыппұл салудан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.