«Қарасора» іс-шарасы басталғалы 1300-ден астам қылмыс анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов айтып берді. «Өткен аптада Жамбыл облысында есірткі бойынша ірі құқықбұзушылықтардың жолы кесілді. Белбасар ауылында автокөлікті тексеру кезінде 2 қап кептірілген марихуана табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 34 келіге жетті», - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов апталық брифингте. Оның айтуынша, «Қарасора» іс-шарасы басталғалы 1300-ден астам қылмыс анықталды, 765 сату фактісі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 168 келі синтетикалық түр тәркіленді. 24 нарколаборатория таратылды. «4 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, 8 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырғаны үшін 6 және трансұлттық топты құрғаны үшін – 2 іс бар. 100 кг-нан астам есірткі, 84 тоннадан астам прекурсорлар және 24 тонна «көкнәр» тәркіленген 4 көшбасшы мен 30-дан астам қылмыстық топ қатысушылары қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Серік Сұлтанов. Айта кетейік, жыл сайын маусым айынан қазанға дейін жабайы қарасораның өсуі мен пісуі кезеңінде «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы өткізіледі. Өткен айда полицейлер 315 қылмысты анықтады, оның ішінде 121 өткізу фактісі, есірткіні заңсыз сақтаудың 49 фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 114 фактісі бар.