Орал қаласының тұрғыны полициядан қашамын деп көлігімен тұрғын үйге барып соғылды. Сау-тамтығы қалмаған «Лексус-570» маркалы джиптің рөліндегі азамат сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал баспанасы бір сәтте қирап қалған үй иелері әлі есін жия алар алар емес. Өйткені үйге соғылған көлік екі электр бағанын сындырып, газ құбырын жұлып кеткен. Осылайша бірнеше үй газсыз, жарықсыз қалды. Жүйткіп келіп, үйге соғылған джип қалыңдығы метрге жуықтайтын тас қабырғаның күл-талқанын шығарған. Электр желісі мен газ құбыры қайта жалғанып, қалпына келтірілді. Дегенмен үй иелері үңірейіп қалған қабырғасын қалай бітейтінін білмей отыр.Виктор МАРТЫНОВ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ: Гүрс еткен дауыстан шошып оянғанда терезенің жақтауы көз алдымнан ұшып өтті. Әкемді құлаған қабырға басып қала жаздады, құлағын тастың сынығы тесіп өткен. Бірақ ауруханаға бармады. Мен орнымнан тұрайын десем, үстімнен дәу мәшине төніп тұр. Үйдегі бүкіл дүние қирады. Бізден ешкім кешірім де сұрамады. Дауласатын жүргізуші де өліп қалыпты. Бірақ үйімді қалпына келтіріп берсе болды, басқа ештеме керек емес! Аман қалғанымызға тәуба! Полиция дерегінше, джипті тәртіп сақшылары көшеден тоқтатқан. Жүргізуші полицейлермен сөйлесіп тұрған кезде салондағы жолаушы рөлге отырып, көлікті айдап кетеді. Соңынан қуған полициядан қашып құтылмақ болған ол жолдың шетіндегі тұрғын үйге соғылған. Лунара АМАНҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Рөлді тізгіндеген 33 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соған сәйкес тиісті сараптамалар тағайындалды. Е. Карин