Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов елдегі денсаулық сақтау саласына қатысты жағдайларға тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.Премьер-министр медицина ұйымдарының бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуге тиіс екенін ескертті "Кейде басқару мен үйлестіру жұмыстарының кемшілігіне байланысты адамдар қажет емді немесе дәрі-дәрмекті уақытында ала алмай қалады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелер бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет", - деді Әлихан Смайылов. Сонымен бірге ол тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін медицина университеттері және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту мәселесін пысықтау қажет екенін айтты. "Көріп отырғанымыздай, жұмыс әлі де жеткіліксіз, ынталандырудың жаңа әдістерін әзірлеу керек. Денсаулық сақтау объектілерін медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету көрсеткіші - 84%. Олардың жартысынан көбі тозған. Уақытылы және сапалы медицина көмегін көрсету үшін өңір әкімдіктері алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін қолданыстағы нормативке сай жабдықтауы қажет", - деді үкімет басшысы. Әлихан Смайылов денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмысын күшейту керек екенін де атап өтті. Бұл ретте алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілеріне ерекше көңіл бөлу қажет. "Өңір әкімдіктері Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, аудандық деңгейден төмен денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты Интернетке қосу процесін тездетуге тиіс. Қажет консультацияны жедел алу үшін телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетуді ауылдарға дейін жеткізу қажет. Аталған шаралар тұрғылықты жері бойынша медицина қызметтерінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді".