Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында Мемлекет басшысының атынан қала тұрғынына сыйлық табыстады. ҚазАқпарат бұл туралы әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.21 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жүрек жылуы» акциясына бастау беріп, адамдардың тілек-арманы жазылған хаттары бар сандықшадан олардың бірін алып шықты. Мемлекет басшысы хатты оқып, оның иесінің тілегі орындалатынын айтты. Өтініште Астана тұрғыны тонометр сұраған болатын. Бүгін елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Гүлжахан Сыдықовамен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан тонометрді табыстады. Сондай-ақ оған материалдық көмек көрсетіліп, санаторийге жолдама беріледі. Гүлжахан Сыдықова Президент пен «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысушыларға алғыс білдірді.