Президент грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады. «Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі», – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында. Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді. Айта кетейік, 9-14 сәуір аралығында Астана қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты өтті. Құрлық жарысында 22 мемлекеттің атынан 331 спортшы бақ сынады. Еркін күрестен: 4 алтын – Санжар Досжан (70 кг), Дархан Есенғали (74 кг), Болат Сақаев (79 кг), Азамат Дәулетбеков (86 кг); 2 күміс – Ризабек Айтмұқан (92 кг), Юсуп Батырмурзаев (125 кг); 1 қола – Рахат Қалжан (57 кг). Жалпыкомандалық есепте – 1-орын. Әйелдер күресінен: 2 алтын – Жәмилә Бақбергенова (72 кг), Эльмира Сыздықова (76 кг); 3 қола – Марина Седнева (55 кг), Нилуфар Раймова (57 кг), Елена Шалыгина (68 кг). Грек-рим күресінен: 1 алтын – Ибрагим Магомедов (72 кг); 2 күміс – Диас Қален (82 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг); 5 қола – Аманғали Бекболатов (55 кг), Мұхамедәли Мамырбек (63 кг), Алмат Кебіспаев (67 кг), Олжас Сырлыбай (97 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг).