2023 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру шаралары туралы" жарлыққа қол қойды.Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 21) тармақшасына сәйкес отандық және шетелдік инвесторлар іске асыратын инвестициялық жобаларды тиімді және пәрменді түрде қолдау жөніндегі қызметті үйлестіру мен бақылау деңгейін арттыру есебінен оларды іске асыру арқылы экономикалық өсудің жоғары қарқынын және ұлттық экономиканы нақты әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің (Инвестициялық штабтың) мынадай: 1) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдау; 2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу; 3) Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне Инвестициялық штабтың шешімдерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту, оның ішінде атқаратын лауазымынан босату жөнінде ұсыныстар енгізу өкілеттіктері айқындалсын.