Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон қазақ-француз бизнес-форумының ашылуына қатысты.Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда экономикалық өсім көрсеткіші 4,7 пайыз деңгейіне жеткенін, әсіресе, мұнайдан тыс салаларда елеулі прогресс бар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасына шетелден инвестиция тарту ісіне айрықша мән берілетінін мәлімдеді. Қазақстанға шетелден келген тікелей инвестиция көлемі Орталық Азиядағы басқа елдерге салынған инвестициялардың жалпы көлемінен асып түседі. Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастық нәтижелі дамып келе жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон«Қазіргі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 4 миллиард долларға жетті. Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Франция – біздің экономикамызға 19 миллиард долларға жуық қаржы құйған ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі. Биыл алғашқы алты айда француз серіктестеріміздің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артты. Бұл – таңғаларлық өсім әрі елімізге деген жоғары сенімнің белгісі», – деді Президент. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде екі жүзге жуық француз компаниясы жұмыс істейтінін айтты. Олардың ішінде энергетика секторында – Total Energies, Orano, Air Liquide, өнеркәсіп саласында – Airbus, Saint-Gobain, теміржол саласында – Alstom, аграрлық азық-түлік өндірісі секторында – Lactalis және Danone компаниялары бар.