Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Еліміз қазір Шыңжаң өлкесімен өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм секілді көптеген бағыт бойынша табысты қарым-қатынас жасап келеді. Сондықтан бұл елмен стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән беру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесуде осылай деді.Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның былтыр қазан айында Қазақстанға жасаған сапары өте сәтті болғанын айтқым келеді. Бұл СOVID пандемиясы салдарынан болған ұзақ үзілістен кейінгі бірінші сапар екенін атап өттік. Біз өте маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Екі елдің үкіметтері мен тиісті аймақ басшыларына ең жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды табысты жүзеге асыру міндеті жүктелді.