Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және Астана декларациясына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің халықаралық жүйесін жетілдіру ісінде Алматы және Астана декларацияларының маңызы зор екенін атап өтті. "Осыдан 45 жыл бұрын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлеуметтік тұрғыда әділетті моделіне негіз болған Алматы декларациясы қабылданды. Бұл декларация әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналып, көптеген елдің халық денсаулығын жақсарту үшін шара қабылдауына, оны адамның іргелі құқығы ретінде мойындауына түрткі болды. Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады", – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, МСАК жүйесі эпидемияның алғашқы белгілерін анықтау және тосын сын-қатерлерге қарсы әрекет ету ісінде маңызды рөл атқарады Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдары өздерінің орнықтылығын және туындаған жағдайға тез бейімделе алатынын көрсеткеніне назар аударды. Сонымен қатар, президент адамзаттың COVID пандемиясын еңсеруіне үлес қосқаны үшін барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ықтимал қауіп-қатерді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға әрдайым дайын болуы үшін оған қолдау көрсету керек. Ауру-сырқаудың белгілерін бастапқы кезеңінде анықтау және тосын сын-қатерлерге дер кезінде назар аудару үшін әлеуетті арттыра беру қажет.