Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Ержан Сәденов Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік ахуал туралы мәлімет берді. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеген. Ұрлық, тонау, қарақшылық, бұзақылық, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, мас күйінде және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайған. Сондай-ақ, қылмыскерлерді іздестіру жұмысының нәтижесі туралы баяндады. Жыл басынан бері 782 адам, оның ішінде 79 азамат шетелде ұсталған. Іздеуде жүрген 16 адам елге экстрадицияланған."Террористік әрекет тұрғысынан алғанда осал екі мыңнан астам нысан, соның ішінде мектептер, жоғары оқу орындары, сауда және ойын-сауық орталықтары, концерт залдары мен басқа да тарихи-мәдени ғимараттар тексерілді. Жыл басынан бері елімізге 4,2 миллион шетел азаматы келіп, оның 4 миллионға жуығы шекарадан кері шыққан. Олардың 90 пайызы – ТМД азаматтары", - деді Ержан Сәденов.Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.