Алдағы бес жылда 3 миллионнан астам азамат жұмысқа орналасуы тиіс. Үкіметке осындай тапсырма берген Мемлекет басшысы әсіресе, жастарға жағдай жасауды міндеттеді. Екі қолға бір күрек іздегендер кәсіппен айналысуы үшін қайтарымсыз гранттар бөлініп, 2,5% жеңілдетілген несие беріле бастады. Өңірлерде бұл тапсырма бүгінде қалай жүзеге асып жатыр? Тілшіміздің материалында. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір. Есі кеткен ешкі жинайды, ешкі бағып есін жинайды деп мақалдатқан қазағымыз бөдене туралы бөдененің ұясын көр де етінен түңіл деген мақал қалдырыпты. Бірақ мына жұдырықтай бөдененің бармақтай жұмыртқасының адам денсаулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз көрінеді. Мысалы, мынадай екі жұмыртқаны күн сайын жеп тұрса, денсаулығыңыз тез арада түзеледі дейді. Төрт баланың анасы Әйгерім мемлекет берген грантқа 200 бөдене сатып алыпты. Басында қиналғанымен, қазір отбасылық бизнеске айналған. Ерлі-зайыптылардың ендігі арманы - 2000 құс асырайтын ферма ашу. Әйгерім ЕСЕКЕНОВА, КӘСІПКЕР: Басында қайда сатамын деп қорқатын едім. 10 жұмыртқадан, 20 жұмыртқадан анда-мында барып өткізе алмай. Қазір менде уже тұрақты клиенттерім бар. Күнде жеткізе алмаймын. Біреу 50 сұрайды, біреу 100, біреу 200 сұрайды. Еті де өте мықты. Мың ауруға шипа. Қазіргі таңда қызылша өршіп тұр балаларға. Сол қызылша жұқпауға жақсы. Туберкулез бен асқазан, өкпе ауруларына өте пайдасы көп. Дербес денсаулық орталығын ашқан Ержан қазір ауыр науқастарға массаж жасайды. Келушілердің көбі - кішкентай сәбилер. Медколледжді тәмамдаған жігіт кейін бейімдеу орталығында 5 жыл біліктілігін шыңдап, сал ауруына шалдыққандарға көмек көрсетуді үйреніпті. Мемлекет қолдауының арқасында көптен бергі арманы жүзеге асты. Ержан ӘБДІРАХМАНОВ, КӘСІПКЕР: Қиналған сырқаттарға көмектескім келсе де, мүмкіндігім болмады. Сол кезде жұмыспен қамту орталығында жастарға арналған бағдарламамен таныстым. Құжатымды дұрыстап, бағымды сынап көрдім. Бұл өз ісін бастаймын деген жанға үлкен көмек. Үкімет жыл басында жұмыспен қамтудың Жол картасын бекітіп, 947 мың адамға жұмыс табуға міндеттелді. Содан бері 734 мың адам жұмысқа орналасқан. Тең жарымы - жастар. Аэлита ӘБІЛҚАЙЫРОВА, БҚО ЕҢБЕК МОБИЛЬДІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жастарға биылғы жылы үлкен көңіл бөлінді. Ол дегеніміз 2,5 пайызбен беріліп жатқан шағын несие. Яғни 2,5 дегеніміз өте төмен пайыздағы жастарға деген көмегіміз. Ол міндетті түрде кепілдендірілген. Бірақ дегенмен де жастар алға қарай өзінің ісін бастаймын, ашам деген жастарға биылғы жылы үлкен мүмкіндіктер берілді. Президент тапсырмасына орай, биыл Оралда 6 700 адам жұмыспен қамтылып, 261 адам өз кәсібін ашты. Бұл іске 2 миллиард теңге бөлінген.