Президенттің атына Жаңа жыл мерекесіне орай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтаулар келіп жатыр, деп хабарлайды Ақорда.Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысына зор денсаулық, бақ-береке, ал Қазақстан халқына бейбітшілік пен игілік тіледі. Ол 2023 жыл Қазақстан мен Ресей қатынастары үшін айтарлықтай табысты болғанына назар аударды. Екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған белсенді және сындарлы сипаттағы бірлескен жұмыстарымыз, сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да көпжақты ұйымдар аясындағы серіктестік байланыстарымыз жалғасады деп сенемін. Бұл біздің бауырлас халықтарымыздың мүддесіне сай келеді, – деп жазылған жеделхатта. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Жаңа жылда Қасым-Жомарт Тоқаевтың аса жауапты мемлекеттік қызметіне зор табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Біздің конструктивті және достық сипаттағы диалогымыз, түрлі салада қол жеткізген уағдаластықтарымыз, сондай-ақ ірі жобалардың толыққанды іске асырылуы келешекте жан-жақты қарым-қатынасымызды нығайтуға және ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеріне сенімдімін, – деп жазған Өзбекстан Президенті жеделхатында. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз құттықтауында ортақ күш-жігердің арқасында қазақ-қырғыз арасындағы одақтастық байланыстар одан әрі нығайып, бауырлас халықтардың мүддесіне қызмет етеді деп сенім білдірген. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолға алған бастамаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдіріп, Қазақстан халқына бейбітшілік, мол игілік тілеген. Өтіп бара жатқан жыл халықаралық күн тәртібінде маңызды оқиғаларға толы болды. Сондай-ақ кез келген қиындықты бірлесе еңсеруге болатынын көрсетті. Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық пен өзара түсіністік дәстүрі алдағы уақытта да нығая түсетініне, мемлекеттеріміздің түрлі форматтағы ынтымақтастығы табысты болатынына сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында 2023 жылы қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі маңызды жаңалықтармен есте қалғанын, екі халық арасындағы ынтымақтастық одан әрі жан-жақты дами беретінін атап өткен. Сонымен қатар Мемлекет басшысын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Эстония Президенті Алар Карис, Украина Президенті Владимир Зеленский, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі және Дубай Әміршісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Жапония Премьер-министрі Фумио Кишида, Норвегия Королі V Харальд, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, БАӘ Вице-президенті, Президент Әкімшілігінің басшысы Мансур бен Заид Әл Нахаян, Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунин және шет мемлекеттердің бұрынғы басшылары, халықаралық ірі ұйымдардың, компаниялардың, банктердің, қаржы институттарының, дипломатиялық миссиялардың жетекшілері мен басқа да ресми тұлғалар құттықтады. Құттықтаулар әлі де келіп жатыр.