Солтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандары тасқынға дайын емес. Облыстық прокуратура мамандары ауылдарды аралап, біраз олқылықты анықтаған. Айыртау, Есіл, Мүсірепов және Шал ақын аудандарында ауыл ішінен қар шығарылмаған. Көшелер әлі қалың қарға көміліп жатыр. Техниканың қарасы көрінбейді. Жауапты тұлғалар облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың астындағы су өткізу құбырларын да тазартпаған көрінеді. Ал Тимиряз ауданында тасқын кезінде бөгет ретінде қолданылатын инертті материалдар қоры әзірленбеген. Ерұлан БИМЕНДИН, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:Бұл мәселеге қатысты облыстық прокурор жиын өткізіп, аталған барлық аудандарды сынға алды. Қазір мәселені шешу дереу қолға алынды. Алдағы науқан қарбалассыз өту үшін тасқынға қарсы шараларды дер кезінде және кешенді түрде жүргізу керек.