Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев жеке құрамды психологиялық қолдау жұмыстарында кемшіліктер бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жеке құрамды психологиялық қолдау жұмыстарында кемшіліктер бар. Арнаулы динамикалық бақылау тобына енген әскерилердің тәуліктік нарядқа, оның ішінде қарумен кезекшілікке түсуіне жол беру деректері анықталды. Психологтарды даярлықтан өткізу талаптары орындалмай жатыр», - деді М. Қазиев Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқалау кезінде. Осы орайда ол психолог мамандығын алған кейбір әскери қызметшілер өз саласын тиісті деңгейде меңгермегенін айтты. «Тағы бір маңызды мәселе – ол жеке құрамның психологиялық тестілеуден ұзақ өтуі. Себебі, бұл құжаттар қағаз жүзінде қолмен толтырылады. Сондықтан бұл бағытта цифрлық технологияларды қарқынды енгізу керек», - деді Мақсат Қазиев.