Барша мұсылманға қасиетті саналатын Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал, пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, пітір садақа мөлшері екі келі ұнның бағасымен белгіленеді.Рамазан - он екі айдың сұлтаны. Мұсылмандардың асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін қасиетті ай. Тәрбие мен тағылымға толы, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастырады. Ораза - тек аш жүру емес, бүкіл жаман әдеттен тыйылу. Наурызбай қажы, ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ : Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы жарамайтын адамдар дертінің асқынуынан қауіптенсе ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді. Сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге де уақытша ораза ұстамауға болады. "Ораза ұстаған адам қант диабетінен, қандағы холестериннен, қан құрамындағы артық майлардан арылады. Тіпті, асқазан мен ішек жолдарын тазартып, бауыр мен бүйректегі майда тастар да еріп түседі"- дейді диетолог Арай Әмре. Арай ӘМРЕ, ДИЕТОЛОГ: Бүгін ораза деп бірден ашығуға кірмей, екі апта бұрын біз ағзамызды оразаға дайындауымыз керек. Егер үш рет тамақтанатын адам болса екі рет тамақтанып, уақыт жақындағанда бір рет тамақтану деген сияқты ағзаны дайындап барып тамақтанатын болсақ көптеген аурулардан айыға аламыз. Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінде келеді. Биыл сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге бекітілді. Ал, 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Діни басқарма ораза айында мұқтаж жандарға көбірек көңіл бөліп, ізгі амалдармен жарысуға шақырды.