Жақында әлеуметтік желіде шымкенттік жігіт бірден екі қызға үйленгені туралы видеолар тараған болатын. Бұл туралы жігіттің өзі әлеуметтік желідегі парақшаларында жазып жүр. Алайда Фариза есімді екі қыздың бірі шын мәнінде қазіргі жағдайы қандай екенін әңгімелеп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Massaget.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.Бірден екі әйел алған жігіттің видеосы биыл наурыз айында әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түскен болатын. Желі қолданушылардың көбі бұл жай “хайп” деп, сенбеген болатын.Өзін “Ержан мырза” деп атайтын жігіттің екі әйелінің бірі болған Фариза хабарласып, бар жағдайды түсіндіріп, көмек сұрады. Айтуынша, Фариза бүгінде ол үйден кетіп қалған. Ал бастапқыда күйеуі тағы бір әйел әкелетінінен бейхабар болған екен. "Негізі біз екеуіміз үйленбек болғанбыз. 16 наурызда "тәтті шай" болды. 17 наурызда мені келісіп алып кетті. Сол сәтте көліктен бір қызды көріп қалдым. Бірақ тағы бір әйел әкеле жатыр деген ой болмады. Үйіне барған кезде ол қыз бала көтеріп қалғанын білдім. Ол кезде қыздың жасы 17-де еді, қазір 18-де. Маған жағдайды түсіндіргеннен кейін мен қалдым. Бірақ үшеуіміз туралы әлеуметтік желіге салып жібергенін қаламадым. Біздің өміріміз туралы әлеуметтік желіге салуына қарсы болған кезімде мені ұрып-соғу басталды. Қазір ол үйден қашып кеттім. Ол үйде тұрмаймын", - дейді Фариза. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі әлі күнге дейін хабарласып мазаны алады, кездесуді де сұрайды екен. "Суреттеріміз бен видеоларымызды әлеуметтік желіге әлі күнге үшеуміз бір үйде тұратындай салып тастайды. Тікелей эфирлерге кіріп, мен әлі сол үйде тұратындай айтып отырады. Бірақ менің ол үйден кеткеніме екі айдай уақыт болды. Ажырасатындай қалың мал беру деген секілді басқа да дәстүрлер орындалмады. Анасы екеуі келіп, "жағдайым жоқ" деп айтты. Мен екі әйел болып тұрмаймын деген кезде маған пышақ тақап, қорқытты. Мені қорқытып-үркітумен ұстап отырды. Полицияға дейін шағымдандым. Бірақ ешкім ешнәрсе істей алмады. Себебі полицейлер ол оның жеке өмірі болғандықтан ешнәрсе істей алмайтынын айтты. Оқиға Шымкенттің өзінде болған. Қазір ол екінші әйелімен тұрып жатыр, мен оған еш қарсы емеспін, - дейді Фариза. Фариза бұрынғы күйеуі өзінің суреттерін парақшасына салмаса екен деген ғана өтінішін айтты.