Түркістан облысы Полиция департаментіне Леңгір қаласының тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оны белгісіз біреулер пышақпен қорқытып, күш қолданып, 5 миллион теңге бопсалаған.Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі "Қорқытып алу" бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтауға кірісті.Ақпарат бойынша қылмысты ашуға, күдіктілерді ұстауға бірден Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер, нәтижесінде 5 миллион теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 жігітті ұстады. Олардың біреуі-бұрын сотты болған, Төлеби ауданының тұрғыны. Жедел уәкілдер тінту кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражатын тәркіледі. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде 6 дана оқ табылды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға байланысы бар-жоғы анықталуда.