Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалында тағы екі кездесу өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Екі ойынның бірінде «Реал Мадрид» (Испания) пен «Челси» (Англия) командалары шеберлік байқасты. Испаниялық клуб жартылай финалға жақындай түсті. Кездесу барысында қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Олардың қатарынан Карим Бенземаның белсенділігі байқалды. Нәтижесінде, ол 21-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Екінші кезеңде «Реал Мадрид» сапынан Марко Асенсио гол соғып кетті. Осылайша, мадридтік клуб өткен жылғы көрсеткішін қайталауға жақындай түсті. Былтыр олар Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанған еді. Тағы бір кездесуде Италияның «Миланы» өз елінің «Наполи» клубын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Олардың қатарынан Исмаэль Беннасер 40-минутта мергендік танытты. Қарымта кездесу 18 сәуірге белгіленген.