Омбы кеденшілері Қазақстанға әкеле жатқан екі орындық жеңіл моторлы ұшақты тапты. Ұшақты рұқсат құжатынсыз алып шықпақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сібір кеден басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.Омбы кеденшілері Павлодар тұрғыны сатып алған ұшақты шекарадан өткізбей қойған. «Заңбұзушылықты Ольховка өткізу пункті аймағында фургонды тексеру барысында кеденнің мобильді тобы анықтады. Фургон тіркемесінен кеденшілер ресейлік шағын әуе кемесін тапты. Павлодардағы иесіне жеткізілуі керек болған ұшақтың салмағы - 300 кг, ал құны - 3,4 миллион рубль. Тауарды тасымалдаушы кеденшілерге қажетті құжаттарды көрсете алмады», - деп хабарлады Сібір кеден басқармасы. Әуе кемесін әкетуге тыйым салынды. Тауар тиелген көлік Ресей Федерациясына қайтарылды.