«Respublica» партиясының өкілдері Қызылорда облысына барды. Ең әуелі Шиелі ауданынына табан тіреді. Халықпен кездесіп, партияның негізгі тұғырнамасын таныстырды.Республикалықтар жұртшылықпен жүздесуде алдымен саяси науқанның маңызы жайында сөз қозғады. Одан кейін, тұрғындарды толғандырған мәселелер жайын талқылады. 100-ге тарта адам жиналған басқосуда кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік көмек алу, жерге қатысты тақырыптар көтерілді. Партиялықтар халықтың талап-тілектерін тыңдап, өз ұсыныстарын айтты. Кейін аудан маңындағы ірі шаруа қожалығына ат басын бұрып, егін шаруашылығына қатысты мәселелермен танысты. Әсіресе, өңірдегі қуаңшылықтың басты проблема екені айтылды. Партия өкілдері бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламаларға бірқатар өзгерістер қажет дейді. Жалпы жергілікті диқандар аграрлық саланы дамыту, әртараптандыру бағытындағы ұсыныстарды жеткізді. Өз тәжірибелерімен бөлісіп, жергілікті климатты ескеру қажеттігін тілге тиек етті.