"Қазақстан өзінің еркіндігін сезінді. Тәуелсіз мемлекет құруға мүмкіндігі барын ұғынды". Тарихшылар "Егемендік декларациясы" қабылданған сәтті осылай еске алды. Республика күнінің маңызы жыл өткен сайын арта түсетінін көпшіліктің пікірінен аңғардық. 25 қазан - ел тарихында алтын әріппен жазылған айтулы күн. Дәл осы датада «Тәуелсіздік туралы декларация» қабылданды. Бұл - 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Алайда 2009 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. 13 жыл елеусіз қалған мейрамды 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. 17 баптан тұратын декларация ұлт ретінде даму жолы таңдалып, мәдени, діни ерекшелікті сақтап, өз тағдырын өзі шешу құқығы бекітілді. Алаш қозғалысынан кейін ұлттық мемлекет құруды көтеріп, жария еткен құжат болды. Тілеген САДЫҚОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: Ғасырға жуық Кеңестер одағының құрамында болған, елдің өзінің идеясын айтып, мен жеке мемлекет болам, егемендікке менің толық құқығым бар деп айтуына негіз болған алғашқы құжат болды. Бұл құжаттың арқасында. Халық, этно құраушы қазақ өзінің еркіндігін сезінді. Жеке мемлекет құруға мүмкіндігі барын сезе бастады. Соның бәрі қоғамдық санаға, адамның ой өрісіне бағыт берді деп айтуға болады. Республика күні биыл екінші рет аталып өтілуде. Ұлттық мерекеге көпшіліктің ықыласы ерекше. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Қазақстан Республикасының ең маңызды мерекелерінің бірі деп айтуға болады. Тәуелсіздік алуымыз үшін маңызды құжаттардың біріне қол қойылған күн. Сол үшін бұл күнді ерекше атап өту керек деп ойлаймын. - Құжат қабылданғанда біздің жеке болып, өзін мемлекет ретінде көрсетіп, жоғары деңгейде ұстауына себепкер болған күн. Бұл мерекені мемлекетіміздегі ең маңызды күн деп айтамын мен. - Енді бұл күнде "Тәуелсіздік туралы декларация қабылданды. Одан кейін, терезесі тең осындай мемлекет болдық. Тәуелсіздігімізді қаншама ел таныды. Расында маңызы зор. Ел болып еңсе көтеруге бастама болды.