ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы меншік иелері 5,5 млрд теңгеден астам борышын, оның ішінде жалақы және салық міндеттемелері бойынша қарыздарын төледі. Осылайша, жылу энергиясын өндіру станциясы қарызсыз мемлекет меншігіне өтеусіз негізде қайтарылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Еске салайық, Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлаған, нәтижесінде қала тұрғындары жылу энергиясын беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан. Жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке аса ірі мөлшерде, 4,1 млрд теңге сомасында залал келтірді деген күдікпен, алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізілді. "ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сай сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі". Қаржы мониторингі агенттігі