Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Қаладағы жылу электр орталығында апат болды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымын қиратты. Қазір жылу электр орталығында 6 қазандықтың екеуі жұмыс істеп тұр. Қалған 4 қазандықта ақауды жою бойынша жөндеу жүргізіліп жатыр.ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ: Бұл жерге атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы дереу жолға шықты. Бұйрыққа сәйкес комиссия технологиялық бұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізеді. Комиссия құрамына Комитет өкілдері, Риддер ЖЭО және техникалық сарапшы кірді. Тергеп-тексеру нәтижесі 10 жұмыс күні ішінде дайын болады.