Баланы перзентханадан бірден асырап алушы отбасыға беруге бола ма? Мұндай сауалды Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.Қоғам керемет тәрбиелі деп өтірік айта алмаймыз. Баланы ақша табу мақсатында арам пиғылмен жауапсыздықпен асырап алатындар бар. Оларға қандай жауапкершілік қарастырылған? Бұл бірінші сұрақ. Екінші. Мен балалардың санатын қарап отырмын. Бірақ ескеретін дүние бар. Көп бала перзентханада қалып қояды. Оны өздеріңіз де білесіздер. Үйінде балалары жоқ таныстарым бар. Олар баланы перзентханадан бірден алып кетсек дейді. Бірақ оның өзіндік бюрократиясы бар. Ал перзентханадағы бала сол аралықта мүлдем қараусыз болады, - деді Ринат Зайытов. Депутат атап өткендей, перзентханада нәрестеге ешкім ата-аналық қамқорлықпен қарамайды, тек дәрігер ретінде қарайды. Перзентханадан баланы бірден алып кетуге болатын бағдарламаның жеңілдетілген түрі бар ма?, – деп сұрады Ринат Зайытов. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан депутат өте маңызды мәселе көтеріп отырғанын жеткізді. Заң жобасында отбасы қамқорлығын қажет ететін балалар балалар үйіне бармай, перзентханадан анықталған жерінен, тіпті көшеден табылған жерінен бірден отбасыға беріледі. Мұнда шұғыл тәсілмен орналастыру қарастырылған. Яғни бұл дегеніміз кәсіби отбасылар 24 сағат бойы балаларды қабылдап алуға дайын болуы керек. Олар осыған арнайы дайындықтан өтеді. Дайындығы жөнінде психологиялық тексеруден өтеді. Бұл норма ата-аналардың қамқорлығын қажет ететін балаларды тез арада отбасыға беру тәсілін енгізеді, - деп түсіндірді ол. Сөзінше, немесе кәсіби отбасыда балалардың құқықтарын бұзу анықталса, оған қатысты да шаралар қолданылады. Дәлірек айтқанда, егер отбасы баладан бас тартатын болса, онда балалар тез арада басқа кәсіби отбасыға орналастырылады. Одан кейін бұл отбасыға психологиялық қолдау көрсетіліп, қамқоршылық органдар отбасының баладан бас тарту себебіне талдау жүргізеді. Егер отбасы қатарынан 3 рет баладан бас тартса, онда оны аккредитациясынан айыру мәселесі қарастырылады. Ал балалардың құқығы бұзылған жағдайда отбасы аккредитациядан бірден айырылады, қамқоршылық-қорғаншылық органдары құқық қорғау органдарына баланың құқығы бұзылғаны жөнінде арыз жазады және мұндай отбасылар келешекте кәсіби отбасы бола алайтын отбасылар тізіміне енгізіледі, - деп жауап берді Оспан. Ал баланың құқығын бұзғандар қазіргі заңға сәйкес жауапқа тартылады.