Солтүстік Қазақстан облысы Заречный кентіндегі 200-ден астам тұрғынды шұғыл қауіпсіз аумаққа көшіру қажет. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп тапсырма берді. Ол солтүстік аймақтың су тасқынына дайындығын тексеріп, елдімекендердегі бөгеттерді аралады. Сондай-ақ эвакуациялау пунктінің дайындығын зерделеп, Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің баяндамасын тыңдады. Шаһар басшысының мәліметінше, топан су кентке үш күнде жетеді. Болжам бойынша нығайтылған бөгет судың бірінші ағынын ғана ұстай алады. Саяжай аумағына жан-жақтан су келіп, 200 үйдің 132-не қауіп төндіріп тұр. Роман СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Сергеев су қоймасынан өзеннің ағысымен мұндағы 14 елдімекенге су келеді. Бірақ бұл барлық үйді су алады деген сөз емес. Қазір тұрғындарды эвакуациялау бойынша тапсырма беріліп, қауіпсіз аумақтың дайындығын зерделедік. Эвакуациялаудан бас тартқан тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.