Рудныйда жылу құбыры жарылып 24 көпқабатты үй жылусыз қалды. Жеке сектор тұрғындары да бүрсеңдеп отыр. Әзірге құбыр желісіндегі апат болған жер анықталған жоқ. Кеншілер қаласынан тілшіміз Заңғар Санай баяндайды. Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Рудныйдағы Мир және Горняков көшесінің қиылысындағы құбыр таңертең жарылған. Сол кезден бастап көпқабатты үйлер, алпысқа жуық жеке сектордағы баспана және 16 бизнес нысан жылусыз қалды. Тұрғындар сегіз сағаттың ішінде пәтерлері салқындай бастағанын айтады. Қазір қалада ауа температурасы -12. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Жылу жоқ бізде. Мынау Ленина сегізде тұрамыз. Өше бастағаны түс кезінде. Үмітенеміз ғой кешке дейін беретін шығар. -Үйде печка да жоқ. Көреміз енді. Үй салқын. Қазір бірнеше бригада құбырдың тесілген тұсын іздеп жатыр. Анықталса, дереу ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жылу құбырын қалыпқа келтіруге кемінде екі сағат керек дейді мамандар. Арман ЖҮНІСОВ, «РУДНЫЙ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: Магистраль көптен бері жөнделген жоқ.Сондықтан жарылған. Қазір су сорғызу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Содан кейін құбырдың тесілген жерін іздестіреміз. Өткен жылы жылу құбырларын жаңғыртуға жеті миллиард теңге жұмсалған. Биыл да қомақты қаражат бөлініп отыр. Жылу маусымы басталғалы құбыр желісі үш рет жарылған. Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Кеншілер қаласындағы жылыту орталығы екі жыл бұрын әкімдік еншісіне қайтарылған. Мекеменің техникасы толық жаңарды. Енді құбыр желісін жаңғыртуға күш жұмсаймыз деді қала басшылығы. Айта кетейік, Рудныйдағы жылу құбырының алпыс процентінің тозығы жеткен. З. Санай