Қазақстандық оқушылардың білім үлгерімі өзге мемлекеттегі балаларға қарағанда үш жыл артта қалған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Оған бүлдіршіндердің желіде жиі отыруы себеп, - дейді сенаторлар. Бұған дейін ұстаздар да шәкірттердің сабақ үстінде тик-токка телміретінін айтып, талай шағымданды. Кейін ол депутаттардың назарын аудартты. Енді сабақта смартфон ұстауға тыйым салынады. Сенат бүгін жаңа заң жобасын мақұлдады. «Мектепте телефон ұстауға бола ма, жоқ па?» деген сауал бұған дейін талай талқыланды. Тақырыпты әрі тарттық, бері тарттық, әйтеуір шешім шығаратын сәт жақындады. Депутаттар көп сөз емес, дөп сөздің ұтатынын ұғынса керек, заң жобасын әзірлеуге кірісті. Алдымен мәжіліс бекітті, артынша сенаторлар мақұлдады. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Заң шығарса мектепте телефон ұстамауға, сыныпқа кіре берісте телефондарын тастап керсе мұғалімге онда жақсы болар еді. Балалар алаңдамайды. - Мұғалім алып қояса қарсы шығамын. Потому что, это личная вещь. - Оның алып қоюға хақысы жоқ. Ескерту жасау керек балаға. Бірақ күштеп алып қоюға болмайды. Бәрінің де құқығы бар ғой. Бізде мектеп кабинеттерінде камера жоқ. Тек балалар көп жиналатын орындарда, яғни дәліз бен асханаға қойылған. Ата-аналардың телефон шектеуіне қарсылық білдіру себебі де осында жатыр. Мұғалім баламызға қысым көрсетсе, не камера жоқ, не ұялы сым жоқ, кінәсін дәлелдей алмаймыз деп дал. Бұл пікірге оқу-ағарту министрлігінің өз уәжі бар. Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бұрын бізде телефон болмаса да дәлелдедік қой. Әр кабинетке камера қою, әр сәтті телефонға түсіріп отыру мәселені шешпейді. Бұл жерде түйіткіл басқа жерде жатыр. Зорлық-зомбылықты мектепте телефон ұстамау тақырыбына араластыруға болмайды. Ал Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, бұл заң, керісінше, балалардың болашағы үшін қабылданады, - дейді. Қазір біздің оқушылардың білім деңгейі өзге мемлекеттегі балалаларға қарағанда әлдеқайда төмен. 3 жылға артта қалған. Бұл құр сөз, құрғақ әңгіме емес. Халықаралық білім рейтингі осындай мәлімдеме жасады. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл жерде әңгіме баланы мұғалімнен қорғау туралы емес. Бұл заң балалардың білім деңгейін көтеруге бағытталған. Олар сабақта тик-токта отырмасын, интернеттен көшірмесін деген ниет тұр. Смартфон оқу процессіне әсер етеді. Соны ескеру керек. Заңда мектепте мүлдем телефон ұстауға болмайды деген шарт жоқ. Егер мұғалім оқу процесінде кейбір қосымшаларды пайдалану керек болса, онда смартфонды қолдануға рұқсат. Үзіліс кезінде де шектеу қойылмайды. Талғат ЖҮНІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Заңның мақсаты – білім беру саласындағы және жетім балаларды қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заңның негізгі міндеттері – жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейту болып табылады. Мұндай тәжірибе өзге елдерде баяғыда қолға алынған. АҚШ, Франция мен Әзербайжан, Тәжікстан және Грекцияда балалар сабақта мүлде стартфон ұстамайды.