Тіршілік нәрінің тапшылығы егіншілер үшін оңайға соқпай жүр. Көктемде тәуекел етіп, дән себеді. Жаздай су таппай қиналады. Тіпті тамшы су бармаған алқаптар қурап қалады. Бұл -жылдар бойы қайталанып келе жатқан көрініс. Президент пәрменінен кейін Су және ирригация министрлігі құрылды. Саладағы қордаланған мәселелер қаншалықты реттелмек? Мөлдір Тоқтасын мамандармен тілдесті.Сексенбай Шөменов 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Ол су тапшылығы түйіні тарқамас түйткілге айналғанын айтуда. Соның салдарынан егіс көлемін жылда қысқартуға мәжбүр болады. Сексенбай ШӨМЕНОВ, ДИҚАН: Алдыңғы жылдары 100 гектарға дейін егетін едік. Қазір қысқарып қалып жатыр ғой. 50 сол шамада береді қазір. су тапшылығына байланысты. Бала-шағамыздың қамы ғой әйтеуір, еңбегімізді өнімімізді алып. Су болса, молырақ қылып еккенді тәуір көреміз. Мамандардың айтуынша, аймақта су тапшылығы 2020 жылдан бері өзекті мәселеге айналған. Биылдың өзінде былтырғыдан 3,5 есеге аз су келген. Қазақстанға судың негізгі көлемі көрші елдерден келетіндіктен бұл мәселе дипломатиялық жолмен шешіледі дейді сарапшылар. Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, ЭКОЛОГ-ЖАЗУШЫ: Күріштің, мақтаның экспанциясын тежесек, біздің тоғайымыз орнында болар еді, Аралымыз толысар еді және қарнымыз, шаруашылығымыз, экономикамыз да ешқандай кемшілік көрмес еді. Өркениетті әлемде сулардың бөлісу принциптері бар. соған қолжеткізуімізге болады. Анаған, мынаған қол жаю дегенді қоямыз. Осыны өркениетті, мәдениетті түрде министрлік жолға қояды деген үмітіміз бар. Мемлекет басшысы бұл мәселенің қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін Жолдауда баса айтты. Суды үнемдеудің негізгі тетіктерін қарастыруды тапсырды. Негізі елімізде су мамандары мен гидротехниктердің аздығы да саланың ілгерілеуіне кедергі болуда. Серікбай ӨМІРЗАҚОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: Танымал мамандық емес көп, сосын бұрыңғыдан беделі ақсаңқырап қалды. Жұмыс орындары азайып қалды, айлығы төмен. Көптеген осындай мәселелерге байланысты оған қызығушылық азайып кетті. Министрліктің құрылуы бөлек, су шаруашылығы мекелері бөлек, жалпы басқаша қалыпта жұмыс істететіні бұрыңғыдай осы су шаруашылығы мамандарының беделін көтеретіндігі сөзсіз. Салада қордаланған мәселе көп. Енді оны шешуді дербес министрлік қолға алмақ.