Санкт-Петербургте өзенге құлаған автобустың жүргізушісі қамауға алынды. Ол сотта тежегішінде ақауы бар автобусты басқарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW басылымына сілтеме жасап.Санкт-Петербургтің Октябрь аудандық соты 10 мамырда Мойка өзеніне құлаған автобус жүргізушісі Рахматшох Курбоновты 9 шілдеге дейін қамауға алды. Ер адам екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзды деп айыпталуда. Жүргізуші жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот отырысында Курбонов өзі басқарған автобустың тежегішінде ақау болғанын айтып, кінәсін мойындады. Ол қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Айта кетейік, Санкт-Петербургтің орталығындағы автобус апатының салдарынан жеті жолаушы қаза тапты, екеуі ауруханада ауыр жағдайда жатыр.