Елімізге келетін туристерден енді жарна алынбайды. Дәл осы алымнан былтыр ел қазынасы 500 млн теңге қаржы түскен еді. Бұл қадам саяхаттаушылардың санын еселеп арттыру үшін жасалып жатыр ма? Анығын экономика топтамасын Сүндет Оралбек айтады. Өткен жылы елімізге 835 мың турист келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 225 мыңға көп. Ішкі туризм де ілгерілеп келеді. Олардың саны 5миллионнан асқан. Осы кезге дейін елімізге келген саяхаттаушылардан жарна алынып келді. Оның мөлшері өңірлерге байланысты 0,2-ден 0,5 Айлық есептік көрсеткішпен есептелінді. қаржы жергілікті бюджетке түсті. Ал алымды қонақ үйлер алып, содан кейін бюджетке өткізетін. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімсіз болыпты. Жарнаны алып тастау арқылы жауаптылар туристердің санын еселеп көбейтеміз дейді. Нұртас КӘРІПБАЕВ, ҚР ТСМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ешқандай да ыңғайсыздық туғызбайтындай, елімізге келген турист қолайлы жағдаймен өз мақсатын орындап, елімізде саяхаттап, демалып қайтатын болады. Және де бұл кәсіпкерлерге де қосымша жұмыс болмайды. Өткен жыл фермерлер үшін оңай болмады. Оңтүстік өңірлерде қуаңшылық болса, солтүстікте өнімін оратын кезде жаңбыр жауып біраз әбігерге салды. Дәнді дақылдың сапасына да кері әсер етті. Зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылай көмек көрсету мақсатында үкімет 3-сыныпты бидайды 120 мың теңгеге, 4-сыныпты бидайды 105 мың теңгеге сатып алмақ. Оған қазынадан 31,3 млрд теңге бөлінді. Ал азық-түлік келісімшарт корпорациясы сапасы төмен астық пен 5-сыныптағы бидайды сату үшін Иран, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдермен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар, форвардтық сатып алу және тауар кредиті бойынша міндеттемелерді орындау 1 жылға кейінге шегермек. Елімізде тауарлар мен қызметтер бағасының жылдық өсімі 9,8%-ды құрады. Ақылы қызметтер бағасы бір жыл ішінде 12,4%-ға өскен. Коммуналдық қызметтердің ішінде қоқыс шығару бағасы 33,2%, кәріз бағасы 28,8%, орталықтандырылған жылу бағасы 26,1% көтерілген. Азық-түлік бағасы 8,5 пайызға өскен. Күріш бағасы 34,3 пайызға артса, қарақұмық 22,6 пайызға, күнбағыс майы 18 пайызға қымбаттаған.