Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сәуірде Әзербайжан арқылы мұнай экспорттау жоспарымен бөлісті.«Өткен жылы «ҚазМұнайгаз» бен «Сакар» арасында ақыр соңында келісімге қол қойылды. 2023 жылы «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отырмыз. Наурызда бұл процесс басталып, алғашқы екі танкерді жөнелттік. Ол 20 мың тоннаны құрайды. Сәуірде 125 мың тонна жөнелтпекпіз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның атап өтуінше, Баку өзге де бағыттарды ұсынып отыр. «Мәселен – «Баку – Супса». Бірақ, қазір біз мұнай құбырының техникалық сипаттамасына есеп жүргізіп жатырмыз. Мұнайдың үлкен көлемі темір жол арқылы Батуми мен Поти порттарына дейін жөнелтіліп жатыр. Бүгінде біз зерделеп жатқан басты мәселе – бұл қазақстандық және әзербайжандық тараптағы тасымалдау барысындағы енсіз жерлерді жою бойынша жол картасы», - деді Серік Жұманғарин. Министрдің айтуынша, кеше аталған транзиттік бағытта арзанға тасымалдау мүмкіндігі, нақты тарифі бар, инновациялық технологияларды қолданатын бірыңғай оператор қызметін атқаратын бірлескен кәсіпорын құру мәселесі барынша сеніммен талқыға түсті.